Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының су ресурстары жөніндегі арнайы өкілі Ретно Марсудимен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының су ресурстары жөніндегі арнайы өкілі Ретно Марсудимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар жаһандық және өңірлік су күн тәртібінің негізгі мәселелерін талқылады. Президент Қазақстан үшін су ресурстарының стратегиялық маңызы бар екенін және олардың тұрақты даму, экологиялық қауіпсіздік пен өңірдегі тұрақтылықпен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев су саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажеттігін айтып, БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын еске салды. Оның айтуынша, бұл елдер арасындағы үйлестіруді нығайтып, суды ұтымды пайдалану бойынша тиімді шешімдерді ілгерілетуге мүмкіндік береді. Осы мәселеге қатысты халықаралық консультациялардың алғашқы раунды алдағы Өңірлік экологиялық саммит аясында Астанада өтеді деп күтіледі.
Сондай-ақ кездесуде 2026 жылғы желтоқсанда Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясының келісілген тәсілдерді әзірлеуге арналған маңызды алаң ретіндегі мәні атап өтілді.
Бұдан бөлек, Орталық Азия елдеріндегі су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері жеке талқыланды.
https://t.me/chinovnik_kz


