БК «Астана» бас бапкері Рамунас Цвирка 59 жасында өмірден өтті

БК «Астана» бас бапкері Рамунас Цвирка өмірден өтті. Ол 59 жаста болған.
Бұл туралы елордалық баскетбол клубының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Клуб хабарламасында Рамунас Цвирканың тәжірибелі бапкер болғаны және өмірінің елеулі бөлігін баскетболды дамытуға арнағаны айтылған. Сондай-ақ оның жетекшілігімен команда жоғары деңгейдегі кәсібилік танытып, нәтижеге ұмтылғаны атап өтілді.
Клуб ұжымы, ойыншылар мен басшылық Рамунас Цвирканың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Рамунас Цвирка бапкерлік мансабын 2004 жылы Литва чемпионатында бастады. 2008 жылы екінші бапкер ретінде «Азовмашқа» Украинаның Суперлигасында чемпион атанып, Украина кубогын жеңіп алуға көмектесті.
Цвирка ерекше танымалдыққа «Химки-2» жастар командасымен жұмыс істеген кезеңінде ие болды. Оның жетекшілігімен команда Біріккен жастар ВТБ лигасында екі рет қола жүлдегер атанды (2011, 2012), EYBL U20 турнирін жеңді (2013), сондай-ақ 2013 және 2014 жылдары Біріккен жастар ВТБ лигасының жеңімпазы болды.
2018 жылы Цвирка литвалық «Невежис» клубын Еурокубоктың топ-16 кезеңіне шығарды.
Соңғы маусымдарда маман Қазақстанда табысты жұмыс істеп, Irbis-Alatau клубын басқарды. 2023/24 маусымында команда чемпион атанса, 2024/25 маусымында ел чемпионатында күміс жүлде иеленді.
Осы маусымдардың қорытындысы бойынша Рамунас Цвирка екі рет Қазақстан Республикасының үздік жаттықтырушысы деп танылды.
2025 жылдан бастап Цвирка «Астана» баскетбол клубында жұмыс істеді. Қазіргі уақытта елордалық команда оның жетекшілігімен Ұлттық лига плей-оффының жартылай финалына дейін жетті.


