Ерлік Сертай Будапешттегі Гран-при турнирінде күміс жүлде жеңіп алды

Қазақстандық шпагашы Ерлік Сертай Будапештте (Венгрия) өткен Гран-при сериясындағы турнирде күміс жүлде иеленді.
Бұл туралы жексенбі, 19 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Турнир барысында Сертай 1/32 финалда Ён Хо Намды (Оңтүстік Корея) 15:6 есебімен жеңді. Одан кейін Левенте Бутаны (Венгрия) 13:12, сондай-ақ әлемдік рейтингтің екінші нөмірі Гергей Шиклошиді (Венгрия) 15:12 есебімен ұтты.
Ширек финалда қазақстандық спортшы Якуб Юрканы (Чехия) 15:9 есебімен жеңді. Финалға шығу үшін өткен кездесуде Ян Хауриден (Швейцария) 15:12 есебімен басым түсті.
Шешуші жекпе-жекте Ерлік Сертай Давид Надьға (Венгрия) 12:15 есебімен есе жіберіп, Гран-при турнирін күміс жүлдемен аяқтады. Қола жүлдені швейцариялық Ян Хаури және Тристан Тюлен (Нидерланды) иеленді.


