Жолаушылар тасымалын реттеу және жол қауіпсіздігін күшейту: өңірлердегі бақылау жүйелері кеңейтілуде

Жолаушылар тасымалы нарығын реттеу бағытында жұмыстар жүргізілуде. ІІМ және такси агрегаторларымен бірлесіп, тасымалдау процесінен рөлі оң жақта орналасқан 63 мыңға жуық автомобиль шығарылды. Сонымен қатар бұрын рөлі оң жақта болған, яғни қайта жабдықталған автокөліктерді таксиде пайдалануға тыйым салуды, сондай-ақ тасымалдаушылар мен жүргізушілерді бақылау үшін агрегаторлардың жауапкершілігін күшейтуді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленіп жатыр.
Жиын барысында жазатайым оқиғалардың көбеюі тіркелген өңірлер әкімдері сөз алды.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек тәртіп бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерінің күшейтілгенін мәлімдеді. Қазіргі таңда елордада 6,1 мың бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ инфрақұрылымдық шешімдер жүзеге асырылуда, оның ішінде 1,3 мың шақырым жарықтандыру, 1,7 мың шақырым веложолдар және 53,6 мың шақырым жаяу жүргіншілер жолы бар.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бақылау жүйесі кеңейтілуде: 131 «Сергек» кешені және 282 стационарлық кешен жұмыс істейді, сондай-ақ 24 учаскеде 48 «ақылды» камера орнатылған.
Сондай-ақ Премьер-министр Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған көлік апатына қоғамда үлкен наразылық тудырғанын атап өтіп, қала әкімі Дархан Сатыбалдыға жол-көлік апаттарының санын азайту үшін қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Алматы қаласында жол қозғалысын автоматты түрде тіркеу жүйелері кеңейтілуде және трафикті басқарудың интеллектуалды жүйелері енгізілуде. Бұл бағытта бағдаршам нысандары мен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
Қорытындылай келе, Премьер-министр кейбір көрсеткіштердің төмендегеніне қарамастан, жолдардағы жағдай қауіпсіздікті арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды талап ететінін айтты. Алда жазғы демалыс маусымы жақындап келеді, бұл халық қозғалысының артуына және тиісінше жол-көлік оқиғалары қаупінің жоғарылауына әкеледі.
Премьер-министр азаматтардан келіп түскен шағымдарға байланысты электрлі велосипедтер мен мопедтер жүргізуді реттеуге бақылауды күшейтуге назар аударды. ІІМ мәліметі бойынша, аталған көлік құралдарының жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жүргізуші куәлігін алуға міндеттелді.
Олжас Бектенов жүргізушілердің ережелерді тек камералардың “бақылау аймағында” ғана емес, үнемі сақтау керектігін атап өтіп, елордада “жасырын” патрульдеу тәжірибесі сәтті қолданылып жатқанын айтты және бұл тәжірибені басқа өңірлерге де енгізу қажеттігін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр тиісті министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді:
- Ішкі істер, Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері, әкімдіктер жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі тиіс. Әсіресе, мектеп демалысы қарсаңында мектеп оқушылары мен ата-аналармен бұл жұмысты күшейту қажет.
- Көлік министрлігі автокөліктерді техникалық тексеруден өткізу жүйесін, оның ішінде Ішкі істер министрі айтқан ұсыныстарды ескере отырып, өзектендіруі керек.
- Орташа жылдамдықты бекіту оң нәтиже бергені атап өтілді. Бұл орайда тек ақылы республикалық трассалармен шектелудің қажеті жоқ екені баса айтылды. Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, аймақтық жолдарға тиісті камераларды орнату мәселесін шешу тапсырылды.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының шамамен 80%-ы елді мекендерде орын алады. Зардап шеккендердің төрттен бірі – жаяу жүргіншілер. Осыған байланысты елді мекендерде қауіпсіз көлік инфрақұрылымын құру қажеттігіне баса назар аударылды.
Өңір әкімдіктеріне реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдері санын арттыру, қоршаулар мен жарықтандыру орнату, сондай-ақ жол белгілерінің сапасын қамтамасыз ету тапсырылды.
📱 @KZgovernment


