Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмазды қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмазды қабылдады.
Қазақстанға алғаш рет сапармен келген Джевдет Йылмазды қарсы ала отырып, Президент Түркияның Қазақстан үшін стратегиялық әріптес екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, бауырлас мемлекеттерді өзара сенім мен құрмет байланыстары біріктіреді. Ол дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бергі шамамен 35 жыл ішінде екіжақты ынтымақтастықтың кезең-кезеңімен дамып, сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасында қандай да бір қайшылықтар мен келіспеушіліктер жоқ екенін атап өтіп, 14 мамырда Президент Реджеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жеткізді. Оның сөзінше, сапар аясында Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, бірқатар жаңа келісімдерге қол қойылады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгін Астанада Қазақстанның премьер-министрі мен Түркияның вице-президенті төрағалық еткен Үкіметаралық комиссия отырысының қорытындылары көпқырлы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.


