Германиядан Қазақстанға аса ірі көлемдегі алаяқтыққа күдікті шетелдік экстрадицияланды

Қазақстанға Германиядан аса ірі көлемдегі алаяқтыққа күдікті шетелдік экстрадицияланды. Ер адам 10 жылдан астам уақыт бойы іздеуде болған.
Күдіктіні Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін оны Бас прокуратура мен Интерпол қызметкерлері Германиядағы елшіліктің қолдауымен елге қайтарды.
Тергеу мәліметінше, 2014 жылы күдікті алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен әрекет етіп, компьютерлік техниканы жеткізуге жәрдемдесемін деген желеумен қазақстандық кәсіпкерді алдап, 1 миллион доллар көлеміндегі ақшасын иемденген.
Осыдан кейін іс фигуранты бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. 2025 жылдың қыркүйегінде ол Германияда ұсталды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Бұған дейін де Германия Қазақстанға аса ірі көлемдегі алаяқтыққа күдіктіні бергені айтылды. Мәліметке сәйкес, 2023 жылдың қаңтарында ер адам екі сыбайласымен бірге алаяқтық схема ұйымдастырған: олар жалған фирмалар құрып, қазақстандық бидайдың ірі партиясын жеткіземіз деп уәде берген, алайда нақты жеткізу жоспарланбаған. Нәтижесінде кәсіпкерді ақша аударуға көндіріп, одан 100 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.


