Әлеуметтік желідегі «Атыраулық хакер» Түркияда ұсталды

Атырау облысының тұрғыны, әлеуметтік желілерде «Атыраулық хакер» ретінде белгілі ер адам Түркияда ұсталды. Операцияны Интерпол қызметкерлері Түркияның Самсун қаласында жүргізген.
Бұған дейін полиция департаменті ер адамның бірнеше алаяқтық эпизоды бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай санкциялаған, содан кейін ол халықаралық іздеуге жарияланған.
Ақпанда күдікті Самсун қаласында (Түркия) ұсталған. Қазіргі уақытта Қазақстанның Бас прокуратурасы күдіктіні беру (экстрадициялау) туралы сұрауды дайындау үшін өтінішхат жолдаған.
«Атыраулық хакер» несімен танылды Ер адам әлеуметтік желілерде Атырау облысынан бір отбасының жоғалып кетуіне қатысты резонансты оқиғадан кейін кеңінен танылды. Отбасының жоғалғаны туралы ақпарат тараған соң, өзін «Атыраулық хакер» деп таныстырған адам пайда болып, болған жағдайға қатысты өзіндік тергеу жүргізгенін мәлімдеген. Ол жариялаған видеолар әлеуметтік желілерде жылдам тарап, танымал болған.
Атап айтқанда, «Атыраулық хакер» болжамды күдікті ретінде қаза тапқандардың қызының күйеуін атаған. Оның нұсқасы бойынша, қарашаның ортасынан бастап отбасы басшысының телефоны үнемі қосылып тұрмаған.
Сондай-ақ өзін хакер деп жариялаған адам күдікті қарашада Түркияға барып, ол жақта отбасы мүшелерінің бірінің банк картасы пайдаланылғанын, кейін Қазақстан аумағында жүргенін айтқан.
Ер адамның сөзінше, 9 желтоқсанда күдіктінің және оның жұбайының SIM-карталарының белсенділігі Шымкентте тіркелген, содан кейін олар елден тысқары (Өзбекстанға) шығуы және кейін Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің біріне баруы мүмкін болған. Хакердің айтуынша, тергеу жарияланғанға дейін, шамамен 2026 жылдың қаңтар айының басында, болжамды күдіктілер Индонезияда болған. Кейін олар сол жерде ұсталған. Қазақстандық полицейлер операцияны Индонезия полициясының халықаралық бөлімімен (INP) бірлесіп жүргізген.
Жақында Атырау маңындағы Геолог шағынауданында жоғалып кеткен Наурыз бен Мирамгүлдің — Атырау облысында өлтірілген ерлі-зайыптылардың балаларының — мәйіттері табылған. Күдікті Сұлтан Сәрсемалиев оларды өлтіргенін мойындап, мәйіттерді осы шағынауданда бұрын жалдап тұрған үйдің ауласында көміп тастағанын айтқан.


