Ақтөбе облысында жоғалған 2016 жылы туған баланы іздеу жұмыстары аяқталды

Ақтөбе облысында жоғалған баланы іздеу жұмыстары аяқталды.

Бүгін Мәртөк ауданында ТЖМ сүңгуірлері 2016 жылы туған жоғалған баланың денесін тапты. Дене Елек өзенінен жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдікте анықталды.
29 наурыздан бастап өңірде 4-сынып оқушысына тәулік бойы іздестіру жұмыстары жүргізілген. Бала үйінен шығып, қайта оралмаған. Іздестіру жұмыстары Сарыжар ауылы маңында ТЖМ, полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер, еріктілер және жергілікті тұрғындардың қатысуымен жүргізілді.
Алғашқы сағаттардан бастап ТЖМ авиациясы жұмылдырылып, үлкен аумақтарды жедел тексеруге мүмкіндік берді. Күн сайын сүңгуірлер 30–35 км су айдынын зерттеп, жүзу құралдары арқылы 25–30 км су беті тексерілді. Жаяу топтар 15–20 км жағалау сызығын қарап шықса, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 10–15 км аумақ бақылауға алынды. Сонымен қатар эхолоттар белсенді түрде қолданылды.
Іздестіру жұмыстары өзеннің табиғи ерекшеліктеріне байланысты күрделі болды: иірімді арна, қатты ағыс, қалың өсімдік жамылғысы, сондай-ақ лайлы әрі көріну деңгейі төмен су.
ТЖМ су айдындары маңында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді: балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз; өзендер мен көлдер маңында ойнауына жол бермеңіз; қауіпсіздік ережелерін түсіндіріңіз; жабдықталмаған жерлерде шомылудан аулақ болыңыз; әсіресе ағыс қатты болған жағдайда аса сақ болыңыз.


