Тоқаев ДДСҰ бас директорымен Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын талқылады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстанның ДДСҰ-мен ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы ұйыммен өзара іс-қимылдың сапалық тұрғыдан жаңа кезеңге шыққанын атап өтіп, Қазақстанның жаһандық бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ДДСҰ-ға алғыс білдірді.
Тараптар климат пен денсаулық саласындағы бірлескен зерттеулер жүргізу, цифрлық трансформация бастамаларын ілгерілету және денсаулық сақтау жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін қарастырды.
Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын білдірді.
ДДСҰ басшысы Қазақстанның экономикалық ілгерілеуін және Жаңа Конституцияны қабылдау нәтижесінде жүзеге асырылып жатқан табысты саяси өзгерістерді атап өтті.
Оның айтуынша, ДДСҰ Астананың өңірлік және халықаралық деңгейде экологиялық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін құптайды.
Кездесу соңында бас директор Президентке Қазақстанға дәрілік заттар айналымын реттеу саласында ДДСҰ-ның 3-ші деңгейдегі жетілу мәртебесі берілгенін растайтын хат табыстады. Бұл ұлттық бақылау жүйесінің сенімділігі мойындалғанын білдіреді.
Қазақстан ТМД елдері арасында мұндай деңгейге жеткен алғашқы ел, ал ДДСҰ-ның Еуропалық өңірінде төртінші ел болды.


