Қорғаныс министрінің орынбасары 7–9 мамырда өтетін іс-шаралар туралы айтты: биыл парад жоспарланбаған

Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков биыл 7 және 9 мамыр күндері парад өткізілмейтінін, оның орнына еліміздің әр өңірінде бірқатар мерекелік іс-шаралар жоспарланғанын айтты.
Оның сөзінше, Қорғаныс министрлігі мерекелік іс-шараларды өткізуге қаржы бөлмейді, бұл жұмысты әкімдіктер атқарады.
Сенаттағы брифингте Мұстабеков биылғы жоспарға қатысты нақтылап өтті:
- плац-концерттер;
- қару-жарақ пен әскери техниканы көрсету;
- солдат ботқасын дайындауға арналған шатырлар тігу және Ұлы Отан соғысының ардагерлерін шақыру.
Қорғаныс министрлігінде 7 және 9 мамырға арналған барлық мерекелік іс-шаралардың толық анонсын кейінірек ұсынуға уәде берді.
Еске салайық, өткен жылы Астанада Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды әскери парад өткен.
Сол парадқа төрт мыңнан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көлік авиациясының 66 ұшағы мен тікұшағы қатысқан.


