Алматы облысында 73 жастағы зейнеткер телефон алаяқтығынан кейін жалғыз баспанасынан айырылды

Алматы облысында 73 жастағы зейнеткер Тамара Шин телефон арқылы жасалған алаяқтық салдарынан жалғыз баспанасынан айырылды. Оқиға схемасы резонанс тудырған Лариса Долинаның «пәтер тарихына» ұқсас екені айтылады.
Тамара Шин бұл үйде өмірінің көп бөлігін өткізген. Әйелге жиі көршісі қонаққа келіп тұрған. Дәл сол көршісі Тамара Иннокентьевнаның жылжымайтын мүлкіне алаяқтар «аңдып жүргенін» айтқан. Зейнеткердің сөзінше, өзін Ұлттық банк пен полиция қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалып, алаяқтарды ұстауға көмектесуді сұраған.
«Мынау нұсқаулық берді, мен хабарландыру беруім керек деді. Пәтерді сату үшін ақша сомасын өзі белгіледі. Нұсқаулық берді, милициямен таныстырды, жарияламауым керек деді, электронды қолтаңба бергендей болып, құпияны жарияламау туралы. Ол түсіндірді: мен де қатысушы боламын, алаяқтарды ұстаймыз: “Сіз де осы істің қатысушысына айналасыз”», – деді зейнеткер.
Төмен бағамен сату Зейнеткердің айтуынша, қаскөйлер үйді сату туралы хабарландыруды өздері орналастырған. Келесі күні-ақ сатып алушы пайда болып, оны әйелге «операцияға қатысушы» ретінде таныстырған. Әйелге мәміленің егжей-тегжейін талқылауға тыйым салынып, қылмыстық жауапкершілікпен қорқытылған.
«Оны мен бір-ақ рет көрдім: үйіме келіп, үйді қарап кеткенде. Бағаны да саудаласқан жоқпын, өйткені маған ол “өз адамымыз” деді. Яғни, осы операцияның қатысушысы. Саудаласпадым: қанша ұсынса – сонша. Ол маған: “8 миллион” деді, ал анау: “7,5-ке” дейді. Мен: “Жарайды, 7,5-ке”, ештеңесіз», – деп еске алды әйел.
Мәміле небәрі екі күнде рәсімделген. Сол уақытта зейнеткердің әпкесі қайтыс болып, ол жерлеуге шұғыл кеткен. Әйел көршісіне сенімхат рәсімдеп берген, ал көршісі ақшаны курьерге тапсырған.
Көрші де жәбірленуші болған Көрші Надежда Цхай да алаяқтарға сеніп, ақшаны беруге көмектескен. Кейін белгілі болғандай, бірнеше ай бұрын оны да дәл осы схема бойынша алдап кеткен. Алайда ол мұны көршісінің мүлкін сатуға көмектескеннен кейін ғана білген.
«6-сы күні сағат 10-да ол маған қоңырау шалды, амандасты, хал-жағдайымды сұрады. Мен: “Жақсы, болады” дедім. Ол: “Біз алаяқпыз, біз сізді алдадық” деді. Мен: “Қалай алдадыңдар?” – дедім. “Иә, біз сізді алдадық”. Мен: “Түсінбедім. Бұл рас па?” – дедім. Ол: “Иә, рас” деді», – деді Надежда Цхай.
Сот сатып алушының жағына шықты Алаяқтық әшкереленгеннен кейін әйелдер полицияға жүгінген. Туыстары үйді қайта сатып алуға тырысқанымен, жаңа иесі бас тартып, мәселені сот арқылы шешуді ұсынған.
Туысы Владимир Теннің айтуынша, сот мәміленің адасу ықпалымен жасалғанын және бағаның нарықтық құннан төмен болғанын ескермеген. Екі сот процесі де жылжымайтын мүліктің жаңа иесінің пайдасына аяқталған.
Іс кассацияға дайындалып жатыр Адвокат Мухтар Мырзатай қорғау тарапы кассациялық шағым дайындап жатқанын және дауды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндігіне үміттенетінін айтты.
«Барлық процессуалдық құжаттар оның алаяқтар тарапынан шынымен адасқанын дәлелдейді. Біз кассациялық сотқа кассациялық шағым жобасын дайындап жатырмыз. Бірақ біз сатып алушымен келісіп, оның құқығын бұзбай, бейбіт шешу мүмкіндігі мен ниетін жоғалтпаймыз», – деді Мухтар Мырзатай.
Қазіргі уақытта полиция алаяқтарды іздеуді жалғастырып жатыр. Ал зейнеткер әйел үйден шығару туралы шешімді күтіп отыр және бұдан әрі қайда тұратынын білмейді.
Еске салайық, әнші Лариса Долинаның пәтері төңірегіндегі алаяқтық оқиғасы 2024–2025 жылдары ең көп талқыланғандардың бірі болды. 2024 жылы Долина Мәскеудегі баспанасын кәсіпкер Полина Лурьеге 112 миллион рубльге сатып, кейін алаяқтардың құрбаны болғанын және түскен қаражатты қаскөйлерге беріп қойғанын мәлімдеген.


