Ұлыбритания 2009 жылғы 1 қаңтардан кейін туғандарға темекі өнімдерін өмір бойы сатуға тыйым салмақ

Ұлыбританияда 2009 жылғы 1 қаңтарда және одан кейін туған азаматтарға темекі өнімдерін өмір бойы сатуға тыйым салу жоспарланып отыр. Тиісті құжат парламентте қабылданды және келесі аптада оны Ұлыбритания королі Чарльз III қол қоюы тиіс.
Сонымен қатар 2008 жылдан кейін туған британдықтар вейп өнімдерін де сатып ала алмайды.
Құжат темекі өнімдері, вейптер және басқа да өнімдер туралы ақпаратқа қойылатын талаптарды күшейтеді, олардың жарнамасы мен ілгерілетілуін реттейді, сондай-ақ темекі шегуден азат орындарға қатысты ережелерді бекітеді.
Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі Уэз Стритинг реформаның мақсатын былай түсіндірді:
"Ұлыбританиядағы балалар темекі шегумен таныс емес, өмір бойғы тәуелділік пен зияннан қорғалған алғашқы ұрпақтың бір бөлігі болады. Алдын алу емдеуден жақсы — бұл реформа өмірді сақтап, Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне түсетін жүктемені азайтады және Ұлыбританияны сау елге айналдырады".
Мәліметке сәйкес, Ұлыбританияда темекі шегу жыл сайын шамамен 64 мың өлімге және 400 мың госпитализацияға себеп болады. Бұл Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне жылына шамамен 3,4 миллиард еуро шығын келтіреді.
Сондай-ақ, 2025 жылы Ұлыбритания үкіметі жастар арасында қолданылуына қатысты алаңдаушылық пен қоршаған ортаға келетін зиянға байланысты бір реттік вейп құрылғыларын сатуға тыйым салған.
Бұған қоса, Жаңа Зеландия болашақ ұрпақ үшін темекі шегуге тыйым салатын заңды әлемде бірінші болып қабылдағаны айтылды.
Еске салайық, Қазақстанда қоғамдық орындарда (вейптер мен кальяндарды қоса алғанда) темекі шегуге қатаң тыйым бар: оған подъездер, кафе, аялдамалар және жұмыс орындары кіреді. 2024 жылдан бастап елде вейптерді әкелуге, өндіруге және сатуға толық тыйым салынды. Алайда қазір үкіметте кальяндарға қатысты тыйымды қайта қарау мүмкіндігі талқыланып жатыр.


