Америкалық миллионер Эрни Дозио Габонда аңшылық кезінде қаза тапты

Америкалық миллионер Эрни Дозио Габонда аңшылық кезінде қаза тапты. Бұл туралы сафари ұйымдастырушысы Collect Africa мәлімдеді.
Қайғылы оқиға Лопе-Оканда тропикалық орманында болған. 75 жастағы кәсіпкермен бірге кәсіби аңшы-жолсерік жүрген.
Оқиға кезінде қалың бұтаның арасынан бес піл ұрғашысы және бір піл баласы шығып, төлін қорғау мақсатында топқа бірден шабуыл жасаған. Кәсіби аңшы шетке лақтырылып, ауыр жараланған.
Эрни Дозионың қолында антилопа аулауға пайдаланатын дробовик мылтық қана қалған. Пілдер оны таптап, мерт қылған.
Марқұмның танысы оның аңшылықпен ерте жастан айналысқанын айтып, Африка мен АҚШ-та көптеген трофейі болғанын жеткізді. Сондай-ақ ол Дозионың сафари сапарларының барлығы қатаң лицензияланғанын және жануарлар санының реттелуі аясында жүргізілгенін атап өтті.
Марқұмның денесі АҚШ-тың Габондағы елшілігінің көмегімен Калифорнияға репатриацияланатыны хабарланды.
Эрни Дозио Pacific AgriLands компаниясының иесі болған. Кәсіпорын Калифорнияда 12 мың акр аумақты қамтитын жүзімдікке ие, сондай-ақ басқа жүзімдіктерді басқаруға және өнім жинауға арналған жабдықтарды жеткізуге маманданған.


