Астанада танысу сайттары арқылы ер адамдарды алдаған үш қыздың алаяқтық схемасы әшкереленді

Астанада үш қыз ұйымдастырған алаяқтық схема әшкереленді. Іс бойынша жәбірленушілер шамамен 50 ер адам болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, алаяқтар танысу сайты арқылы жәбірленушілермен танысып, кейін әңгімелесуді жалға алынған пәтерде жалғастыруды ұсынған.
Одан кейін олар Астанада пәтерді жалға беру туралы хабарландырулар жариялап, тартымды интерьердің бөгде фотосуреттерін тіркеген. Жәбірленушілерге әрі қарай бірге уақыт өткізу үшін тұрғын үйді бір тәулікке брондауды ұсынған.
Нәтижесінде 45-тен астам жәбірленуші жоқ пәтер үшін төлем ретінде шамамен 620 мың теңге жіберген. Ақшаны алғаннан кейін қыздар байланысын үзіп, жәбірленушілердің нөмірлерін бұғаттаған.
Сотта айыпталушылар кінәсін мойындап, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеген. Олар 3 жылдан 3,5 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасына, пробациялық бақылау белгілеумен және мәжбүрлі еңбекке тартумен сотталды. Үкім заңды күшіне енді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде, оның ішінде Threads платформасында да, «әйел іздеймін», «күйеу іздеймін», «байыпты қарым-қатынас іздеймін» деген мазмұндағы танысуға шақыратын жарияланымдар жиілеп келеді. Мұндай жазбалардың артында нақты пайдаланушылар да, алаяқтар да болуы мүмкін екені айтылып, қазақстандықтарға бұл туралы жақында ІІМ ескерткен.
Бұған дейін Астанада 20 жастағы ер адамға қатысты да үкім шыққан: ол Tinder-де өзін Нұрай есімді қыз ретінде таныстырып, жәбірленушіден миллиондаған теңге алған.


