Семейде тоғыз жыл бұрын жоғалған бір жарым жастағы қыздың туыстары іздеуді қайта жандандыруды сұрады

Семейде тоғыз жыл бұрын жоғалған бір жарым жастағы қыздың туыстары баланы іздеу жұмыстарын қайта бастау туралы өтініш білдірді.
Оқиға кезінде 24 жастағы әйел күйеуімен ұрыстан кейін қызын үйдің маңындағы Ертіске батырып жібергенін айтқан. Оның сөзінше, кейін өзі де суға кетпек болған, бірақ райынан қайтқан. Баланың әкесі сол түні жұбайымен шынымен ұрыс болғанын растаған. Болған жайтты естіген ер адам бірден өзенге түскен, алайда өзі де батып кете жаздаған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қолхатпен жүрген. Алайда нәтижесінде ешкім жазаланбаған. Баланы полиция да, құтқарушылар да таба алмаған. Қайғыны көтере алмаған әкесі кейін қайтыс болған.
Жақында қыздың туыстары істің материалдарымен танысу үшін полицияға қайта жүгінген. Құқық қорғау органдары әзірге қосымша мәлімет таратпады. Тоғыз жыл бұрынғы оқиғалар қайта зерделеніп жатыр.
Қыздың тәтесі Зарина Серикбосинованың айтуынша, туыстары әйелдің баланы суға батырғаны туралы сөзіне сенбейді.
"Ол баланы суға батырдым дейді. Біз бұған сенбейміз. Біз оны, мүмкін, сатып жіберді, біреуге беріп жіберді деп ойлаймыз, мүмкін. Жалпы, іс архивке берілген — қанша жыл өтті. Міне, менің ағам да қайтыс болды — бес жыл. Біздің Айшаны тапқымыз келеді, бізге көмектесіңіздер", — деді ол.


