Щучинскідегі «Центр плова» кафесінде болған жарылыс: ТЖМ тексеріс жүргізбеген, қаза тапқандар саны 11-ге жетті

**Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде** газ баллонының жарылысы мен өрттен **11 адам қаза тапқан** оқиғаға байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) бұл нысанда тексеріс жүргізбеген. Бұл туралы төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр **Кеген Тұрсынбаев** Сенаттағы брифингте мәлімдеді.
Вице-министрдің түсіндіруінше, **көлемі 50 литрге дейінгі газ баллондарын** пайдаланатын нысандар **әкімдіктердің құзыретіне** жатады. Оның айтуынша, бұл бағытта газтехникалық инспекция бақылау жүргізеді.
Кеген Тұрсынбаевтың сөзінше, аталған кафе **300 шаршы метрге дейінгі** аумақта орналасқан және **жоғары тәуекел аймағына кірмейді**, **орта тәуекел аймағында** саналады. Сондықтан мұндай нысандар **келушілердің шағымы** немесе **прокурорлық қадағалау** негізінде тексеріледі.
«Сондықтан біздің желі бойынша объект тексерілмеді», — деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, трагедиядан кейін премьер-министрдің тапсырмасымен **жұмыс тобы құрылған**. Басқа нысандарда ТЖМ тарапынан тексеріс жүргізіле ме деген сұраққа ол оң жауап беріп, **«Бәрі тексеріледі»** деп сендірді.
Еске салайық, **бірнеше күн бұрын Ақмола облысында** осы жарылыстан зардап шеккен **тағы екі адам** қайтыс болғаны хабарланған. Осыдан кейін қаза тапқандардың жалпы саны **11 адамға** жетті.
Қайғылы оқиға **26 ақпан күні кешке қарай** Щучинскідегі «Центр плова» мекемесінде болған. **Жарылыс сәті видеоға түсіп қалған.**
Ақмола облысының ТЖ департаментінің мәліметінше, оқиға салдарынан **28 адам зардап шеккен**: **13 адам ауруханаға жатқызылған**, **сегіз адам** медициналық көмек көрсетілгеннен кейін **үйіне жіберілген**. Сол кезде **жеті адамның қаза тапқаны** айтылған.
**3 наурызда** Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы жарылыс кезінде зардап шеккен **тағы екі адамның** жансақтау бөлімінде көз жұмғанын хабарлаған.
Бұған дейін өңірлік ТЖД өрт сөндірушілердің жанып жатқан кафеден **әрқайсысы 50 литрлік бес газ баллонын** және **екі оттегі баллонын** алып шыққанын, осылайша ғимарат ішінде **қайта жарылыстардың алдын алғанын** мәлімдеген. Оқиғаның **себептері мен мән-жайы анықталып жатыр**.
Жарылыс фактісі бойынша **қылмыстық іс қозғалды**. Ақмола облысының прокуратурасы **4 наурызда** «Центр плова» кафесінің иесі **екі айға қамауға алынғанын** хабарлады.
Оқиға куәгерінің айтуынша, бәрі аяқ астынан болған: қатты жарылыс естіліп, терезелер дірілдеп, ғимаратты өрт шарпыған. Сол жерден адамдар жүгіріп шыға бастаған.
Куәгердің сөзінше, адамдардың көпшілігі күйік алған, аспаздар мен қызметкерлер қарға құлап, сыртқа шығарылған. Ол өзінің күйік шалған, қанға боялған туысын алып кеткенін көргенін, кейбір адамдардың шашы күйіп, сырт киімдерін іште қалдырып, жалаңаяқ жүгіріп шыққанын айтқан.
Сол өрт кезінде куәгер **мекемеге келуші болған досынан айырылғанын** жеткізді.


