Ақмола облысында Щучинскідегі «Центр плова» кафесіндегі жарылыстан зардап шеккен тағы екі адам қайтыс болды

Ақмола облысында Щучинск қаласындағы «Центр плова» кафесінде болған жарылыстан кейін зардап шеккен екі адам қайтыс болды. Бұл туралы дүйсенбі, 9 наурыз күні өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек мәлімдеді.
Оның айтуынша, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, науқастарды аман алып қалу мүмкін болмаған, олар аса ауыр жағдайда болған.
8 наурызда зардап шеккендердің бірі «Авиценна-Бурабай» стационарының реанимация бөлімінде көз жұмды. 9 наурызда Көкшетаудағы көпсалалы облыстық ауруханада ем қабылдап жатқан әйел науқас қайтыс болды.
Облыстың бас дәрігері басқа зардап шеккендердің өмірі үшін күрес жалғасып жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, оларға қажетті кадрлық және техникалық ресурстарды тарта отырып, медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.
Еске салайық, қайғылы оқиға 26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні Щучинскідегі «Центр плова» кафесінде болған. Газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан жеті адам қаза тапқан: бесеуі оқиға орнында, тағы екеуі ауруханада көз жұмған. Бірнеше күннен кейін тағы екі зардап шеккен адам қайтыс болған.
Енді тағы екі науқастың ауыр зардаптарға төтеп бере алмай, көз жұмғаны белгілі болды. Осылайша, қаза тапқандардың жалпы саны 11 адамға жетті.


