Снежанна Имашева Қазақстандағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл болып тағайындалды

Мемлекет басшысының өкімімен Имашева Снежанна Валерьевна Қазақстан Республикасындағы **отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл** – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы **Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары** болып тағайындалды.
Бұған дейін, 8 Наурыз қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада сөз сөйлеп, қазақстандық әйелдерді құттықтаған еді. Сол кезде Президент Қазақстанда алғаш рет **неке – ер мен әйелдің мемлекеттік органда тіркелетін ерікті әрі теңқұқылы одағы** екені туралы норма бекітіліп жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл құқықтық жаңалық балалардың құқықтарын қорғауға, әйел мен ананың отбасындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
6 наурызда Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев отбасы мәселелері жөніндегі уәкілдің қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарын қорғауды күшейтуге және отбасы институтын нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Оның сөзінше, отбасы мәселелері жөніндегі омбудсмен Ұлттық комиссия құрамында төраға орынбасары ретінде жұмыс істеп, атқарған жұмысы туралы Мемлекет басшысына тұрақты түрде баяндап отырады.
Президент Тоқаевтың пікірінше, мұндай жүйе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кешенді алдын алуын жолға қоюға және отбасылық саясат саласындағы өзге де маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Снежанна Имашева туралы не белгілі

Снежанна Имашева 2001 жылы Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы «Банк Туран Алем» АҚ-ның Ақсай филиалында бөлшек несиелеу жөніндегі маман ретінде бастаған. Батыс Қазақстан облысындағы түрлі компанияларда нотариус көмекшісі, заңгер-кеңесші және өткізу қызметінің басшысы болып жұмыс істеген.
2011–2016 жылдары «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған.
2016 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты болып сайланған. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болған.
2021 жылы VII шақырылым депутаты болып қайта сайланып, сол комитеттің хатшысы қызметін атқарған, ал 2023 жылдан бері комитет төрағасы болған.
AMANAT партиясының саяси кеңесінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі.
2023 жылғы 28 наурыздан бастап Қазақстан Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болып табылады.


