Қазақстанда «Болашақ» стипендиялары талапқа сай келмеген үміткерлерге берілгені айтылды

Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендиялар талаптарға сай келмеген азаматтарға берілген. Бұл туралы Мәжілістегі үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) мүшесі Тлеген Қаскин мәлімдеді.
Тлеген Қаскиннің айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесіне жұмсалатын шығын 246 миллиард теңгеден 472 миллиард теңгеге дейін өскен. Студенттер контингенті 625 мың адамға жеткен, ал мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 77 мыңнан астам грантты құраған.
Оның сөзінше, жүргізілген мемлекеттік аудит қаржыландырудың екі есе өсуіне қарамастан, жоғары білім беру жүйесі сапа, ашықтық және нәтижелілік бойынша соған сай өсімді қамтамасыз етпейтінін көрсеткен. Бұл бірқатар жүйелі мәселелермен байланысты екені айтылды.
Сол мәселелердің бірі ретінде «Болашақ» білім беру бағдарламасын әкімшілендіру аталды.
Тлеген Қаскиннің мәліметінше, жалпы іріктеу критерийлеріне сәйкес келмегеніне қарамастан, министрліктің (ғылым және жоғары білім министрлігі — еск.) шешімімен 340 үміткерге 7,7 миллиард теңгеге стипендия жеке тәртіппен тағайындалған. Сонымен қатар 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген.
Жасанды интеллект бағыты бойынша да бөлек дерек келтірілді: палата мәліметінше, жоспарланған 54 стипендияның іс жүзінде тек 5-еуі ғана тағайындалып, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.
Сондай-ақ наурыз айында Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып, Қазақстанға оралмағандар үшін қайтарылатын қаражат көлемін ұлғайтуды ұсынғаны айтылды.


