Шымкентте интернет-алаяқтықты ұйымдастырды деген күдікпен шетелдік азамат ұсталды ⚡️

Шымкентте киберполиция қызметкерлері интернет-алаяқтық схемасының жолын кесті. Аталған схеманың құрбандары қала тұрғындары болған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол — Алматы қаласының аумағында болған шетелдік азамат, қашықтан жасалатын алаяқтықтарды ұйымдастыру және үйлестіруге қатысы бар деп күдікке ілінді.
Схема психологиялық ықпал етуге құрылған: қаскөйлер жәбірленушілерге қоңырау шалып, өздерін банктер мен мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырған. Әртүрлі сылтаумен олар азаматтарды ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндіріп, нәтижесінде адамдар жинаған қаражатынан айырылған.
Қазіргі уақытта алаяқтықтың үш фактісі анықталды. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 8 млн теңгені құрады.
Тексеру барысында ұрланған қаражат түскен шоттар да анықталды. Олар Алматыда тұратын төрт шетелдік студенттің атына рәсімделген болып шықты. Олардың банк карталары мен шоттары заңсыз схемада қолма-қол ақшаға айналдыру және қаражатты әрі қарай аудару үшін транзиттік буын ретінде пайдаланылғаны белгілі болды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: белгісіз адамдардан келетін қоңырауларға сенбеу, олар кім болып таныстырса да, үшінші тұлғалардың нұсқауымен қаржылық операция жасамау қажет. Банктер мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді.


