Хан-Тенгридің ақ шыңы Тұзкөлдің айдынында көрінген видео желіде кең тарады

Тұзкөл көлінің айдынында Хан-Тенгри шыңының ақ қарлы бейнесі көрінген видео желіде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Атмосфералық роликті Алматы тұрғыны Рамазан Шыжан Instagram-дағы парақшасында жариялаған.
Автор жазбасында локация туралы мынадай мәлімет келтірген: «Теңіз деңгейінен биіктігі: 1951 метр. Тұздылығы – 300 пайыз, ал өзі Алматы облысының Райымбек ауданында орналасқан».
Видео әлеуметтік желілерде кең тарап, ондаған мың қаралым жинаған. Бір қолданушылар Хан-Тенгри көрінісіне тәнті болса, енді бірі жолға алаңдаушылық білдірген: кейбірі бұл сапар көліктің аспасына (подвескасына) зиян келтіруі мүмкін деп қауіптенеді.
Пікірлер арасында мынадай жазбалар кездескен:
- «Кроссовер өте ме? Онда жол бар ма?»
- «Көл — айна сияқты! Хан-Тенгри — таулардың нағыз патшасы!»
- «Енді біздің өңір міндетті түрде трендте болады»
- «Керемет көрініс!»
Видео авторы не деді
Рамазан Шыжанның айтуынша, ол Тұзкөлге 13 сәуірде барған. Ол жолдың жағдайын жеткілікті жақсы деп бағалап, бұл жерге қалалық кроссовермен де жетуге болатынын айтқан. Сондай-ақ, бұл локацияға алғаш рет барғанын және Қазақстан табиғатының сұлулығына тағы бір мәрте көз жеткізгенін атап өткен.
«Алғаш рет барып көрдім, әсерім өте күшті. Біз көбіне сұлулықты шетелден іздейміз, бірақ өзім де Қазақстанда қаншама керемет орын бар екенін көрдім», — деді ол.
Алматылық саяхатшы бұл жерге кемінде бір күнге шығуды ұсынды.
«Түнеп барған дұрыс — бұл жердің басты сиқырын таңсәріде көруге болады. Сол кезде көл мүлде тынық болып, айнадай болып тұрады да, Хан-Тенгри шыңы толық бойымен шағылысады. Күн көтерілген сайын жел күшейіп, су беті толқып, айнадай шағылыс жоғалады», — деп бөлісті ол.
Оның сөзінше, таңсәріде мұнда тыныштық орнап, сол тыныштықта құстардың сайрағаны анық естіледі.
Рамазан Шыжан бұл орынға жауапкершілікпен және ұқыпты қарауға шақырды: оны қаралым үшін Instagram алаңына айналдырмауды, қоқыс қалдырмауды және қоршаған ортаға зиян келтірмеуді айтты. Оның пікірінше, локацияның көп жылдан кейін де дәл осылай әсем болып қалуы маңызды.
Сондай-ақ, жақында алматылық фотограф Дмитрий Доценко ұшақ иллюминаторларынан түсірілген ерекше кадрлар сериясын жариялағаны айтылды. Ол бірнеше жыл ішінде Тянь-Шань шыңдарынан Памирге дейінгі 16 танымал локацияны түсіріп үлгерген.
Оқыңыз: 76 жастағы Ұлытаулық ақсақал Парижге дейін жаяу шамамен үш мың шақырым жүріп өтті


