Ақтауда «МАЭК» ЖШС-де болған оқиға салдарынан екі жұмысшы зардап шекті

Ақтауда «МАЭК» (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) ЖШС-де болған оқиға салдарынан екі жұмысшы зардап шекті.
Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуір күні сағат 10:30-да болған.
Алдын ала ақпарат бойынша, екі жұмысшы негізгі конденсаторға қышқылмен жуу жұмыстарын жүргізген. Тұз қышқылы ерітіндісі қышқылды айдауға арналған сорғыны пайдалану арқылы шлангпен берілген.
Жұмыс аяқталып, сорғы өшірілгеннен кейін шлангты шешу кезінде тұз қышқылы ерітіндісі атқылап (шашырап), оның тамшылары жұмысшылардың бет және көз аймағына тиген.
Зардап шеккендер медициналық көмек көрсету үшін жедел түрде облыстық ауруханаға жеткізілген.
Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемаловтың айтуынша, бұл жазатайым оқиға туралы жұмыс беруші белгіленген тәртіппен департаментке хабарлаған. Қазіргі уақытта алынған жарақаттардың ауырлық дәрежесі бойынша медициналық қорытынды күтіліп отыр. Егер ауыр немесе топтық жазатайым оқиға белгілері анықталса, тергеу мемлекеттік еңбек инспекторының қатысуымен арнайы тергеу нысанында жүргізіледі.
Сондай-ақ 2024 жылғы желтоқсанда Ақтаудағы атом энергокомбинатында жөндеу цехының шебері үстіне құбыр құлап, қаза тапқан болатын.


