Қазақстанда кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз азаматтардың қамқоршыларына мемлекеттік төлем енгізу ұсынылды

Қазақстанда кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз азаматтардың қамқоршыларына мемлекеттік төлемдер енгізу ұсынылды. Осыған қатысты депутат Әділ Жұбанов премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, бұл санаттағы азаматтар бүгінде әлеуметтік тұрғыдан ешқандай қорғанысқа ие емес, бұл — жүйелі мәселе.
Мәжілістің пленарлық отырысында Әділ Жұбанов қолданыстағы әлеуметтік қолдау жүйесі тіпті базалық әлеуметтік кепілдіктерді де қарастырмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, қазіргі таңда тұрақты күтім жасағаны үшін мемлекеттік төлем жоқ, қамқоршылық кезеңін еңбек өтіліне есептеу қарастырылмаған, мемлекет есебінен міндетті зейнетақы жарналары төленбейді және осы санаттағы қамқоршылардың құқықтық мәртебесі бекітілмеген.
Ол қамқоршылардың іс жүзінде әрекетке қабілетсіз азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін тәулік бойы жауапкершілік арқалайтынын, бірақ сонымен қатар жұмысынан бас тартуға мәжбүр болып, зейнетақы жинақтарынан айырылатынын айтты.
Депутаттың пікірінше, тұрақты күтім жасайтын адам еңбек қызметінен бас тартуға мәжбүр болады да, болашақта өзі әлеуметтік тәуекел аймағында қалады.
Депутат не ұсынды
Осыған байланысты мәжілісмен заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда:
- сот әрекетке қабілетсіз деп таныған кәмелетке толған тұлғалардың қамқоршыларына мемлекеттік төлем белгілеу;
- қамқоршылық кезеңін еңбек өтіліне енгізу;
- мемлекет есебінен зейнетақы жарналарын төлеу;
- бұл санаттағы қамқоршылардың құқықтық мәртебесін әлеуметтік қорғау субъектісі ретінде бекіту.
Сонымен бірге, мұндай азаматтардың санын және ықтимал қаржыландыру көздерін анықтау ұсынылды.
Әділ Жұбанов қазіргі жағдайда «парадоксалды» жағдай қалыптасқанын айтып, мемлекет мүгедектігі бар адамдарды қолдау қажеттілігін мойындағанымен, оларға күнделікті күтім көрсететін адамдарды іс жүзінде қолдамай отырғанын қосты.
Депутат сондай-ақ бірқатар елдерде әрекетке қабілетсіз ересектерге күтім жасау әлеуметтік маңызы бар қызмет ретінде танылып, мемлекеттік төлемдермен және зейнетақылық қолдаумен сүйемелденетінін атап өтті.


