Аустралиядағы турнирде Иран футболшылары әнұран айтудан бас тартты: бес спортшы баспана сұрап, қорғауға алынды

Аустралияда өткен халықаралық турнир кезінде Иран әйелдер құрамасының футболшылары ұлттық әнұранды орындаудан бас тартты. Осыған байланысты отанында қудалау қаупі бар бес спортшы Аустралиядан баспана сұрап, ел билігі оларды қорғауға алған.
Аустралияның ішкі істер министрі Тони Берк сейсенбі, **10 наурызда** бес футболшыға қатысты мәлімдеме жасап, олардың гуманитарлық виза алу жөніндегі өтініштеріне алдыңғы кеште қол қойғанын айтты. Министрдің сөзінше, Аустралия полициясы спортшыларды **«қауіпсіз жерге»** орналастырған.
Оңтүстік Кореяға қарсы матч алдында әнұран орындалған сәтте ирандық футболшылар үнсіз тұрған. Иран теледидарында бұл әрекет **«арсыздықтың шыңы»** деп аталған. Келесі ойындар алдында олар елдің әнұранын орындаған.
Ойындар Аустралияда **Азия кубогы** аясында өтті. Алаңға ұлттық әнұран әуенімен шыққан кезде ирандық футболшылар үнсіз қалып, сол сәтте команданың жаттықтырушысы күлімсіреп тұрғаны айтылды.
Дүйсенбі, **9 наурызда** АҚШ президенті Дональд Трамп Аустралияны ирандық спортшыларға баспана беруге көпшілік алдында шақырды. Оның айтуынша, оларды отанына қайтармау керек, өйткені онда оларға **«өте ықтимал»** өлім қаупі төнуі мүмкін. Трамп Аустралия баспана бермесе, мұны АҚШ жасайтынын айтып, бұл мәселені Аустралия премьер-министрі Энтони Альбанеземен талқылағанын жеткізді.
Кейінірек Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде Аустралия билігі бес спортшыға баспана беруді мақұлдағанын, ал басқалары кезегін күтіп отырғанын жазды.
«Бесеуі қазірдің өзінде орналастырылды, қалғандары да жақында. Алайда кейбірі отбасының қауіпсіздігіне алаңдап, қайту керек деп санайды, өйткені егер олар оралмаса, отбасы мүшелеріне қауіп төнетіні туралы қоқан-лоққы бар», — деп жазды Ақ үй басшысы.
CNN Sports мәліметінше, ұлттық құраманың орналасқан жерінен кемінде жеті ирандық спортшы кеткен. Олардың бесеуін Аустралия полициясы қорғауға алған, ал қалған екі әйелдің жағдайы әзірге белгісіз.
Иран әйелдер құрамасы жексенбі, **8 наурызда** Азия кубогының топтық кезеңіндегі соңғы матчында Филиппиндерден жеңілді. Әдетте топтық кезеңде жарыстан шыққан командалар чемпионат өтіп жатқан елден бірнеше күн ішінде кетеді.


