«Қазгидромет» Иран үстіндегі «қышқыл бұлттар» туралы ақпаратты ғылыми деректер растамайтынын мәлімдеді

**«Қазгидромет»** РМК баспасөз қызметі Иран аумағында «қышқыл бұлттар» пайда болып, Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде АҚШ пен Израильдің Иранның мұнай инфрақұрылымына жасаған соққылары мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай қоймаларында ауқымды өрттердің шығуына әкелгені туралы мәлімет тараған. Осы жағдайдың салдарынан уытты бұлт пайда болып, ауа массаларының әсерінен Өзбекстан, Қазақстан және Қытай бағытына қарай жылжи бастағаны айтылған.
Сондай-ақ Тегеранда «қара жаңбыр» жауғаны және күкірт диоксиді, азот пен күйенің жоғары концентрациясы тіркелгені хабарланған. Иранның Қызыл жарты ай ұйымы теріге химиялық күйік түсіріп, өкпені зақымдауы мүмкін қышқыл жауын-шашын қаупі туралы ескерткені де көрсетілген.
«Қазгидромет» мәліметінше, Иран үстіндегі «қышқыл бұлттар» Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген ақпарат ғылыми деректермен және бақылау нәтижелерімен расталмайды.
Ведомствоның түсіндіруінше, қышқыл жауын-шашын күкірт пен азот оксидтерінен түзіледі және бұл заттар атмосфераға негізінен өнеркәсіп, энергетика және көлік салаларынан түседі. Мұндай құбылыс әдетте ластану көздеріне жақын аумақта байқалады. Ал ауа массалары алыс қашықтыққа тараған кезде табиғи атмосфералық үдерістердің әсерінен бұл заттардың концентрациясы едәуір төмендейді.
«Мониторинг деректері бойынша Қазақстан мен Орталық Азия елдері бағытына осындай ластаушы заттардың тасымалдану белгілері тіркелген жоқ», — делінген хабарламада.
Осыған байланысты ведомство мамандары ұлттық метеорологиялық және экологиялық қызметтердің ресми деректеріне сүйенуге және тексерілмеген ақпаратты таратудан бас тартуға кеңес берді.


