Шымкент тұрғыны әкімдіктен мемлекет қажетіне алынған жері үшін өтемақы өндіріп алды

Шымкентте қала тұрғыны мемлекет қажетіне алынған жер учаскесі үшін өтемақы өндіруді талап етіп, әкімдікке қарсы сотқа жүгінді.
Не болды Іс қалалық ауданаралық азаматтық істер жөніндегі сотта қаралды. Талапкерге 0,19 гектар жер учаскесі тиесілі болған.
Әкімдіктің қаулысында талапкердің жер учаскесін мемлекет қажетіне мәжбүрлеп иеліктен шығару және оған өтемақы төлеу көзделген. Алайда талапкер алынатын жер үшін ұсынылған 46 миллион теңге өтемақымен келіспеген.
Осыдан кейін Шымкент әкімдігі жер учаскесін мемлекет қажетіне мәжбүрлеп алу туралы сотқа талап арыз берген. Дегенмен талапкердің өтініші бойынша сот бұл талап арызды қараусыз қалдырған.
Сотта айтылғандай, кейін әкімдік аталған жер учаскесін мемлекет қажетіне мәжбүрлеп алу бойынша шара қабылдамаған. Соған қарамастан, әкімдік қаулысының негізінде жер учаскесі талапкерден алынып, қазіргі уақытта ол жерде жалпыға ортақ автокөлік жолы салынған. Бірақ талапкерге өтемақы төленбеген.
Сот не шешті Соттың құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, талапкердің жер учаскесінің нарықтық құны 83 миллион теңгеден асады.
Сот шешімімен ер адамның талабы қанағаттандырылды. «Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесі талапкерге мемлекет қажетіне алынған жер учаскесі үшін 83 419 500 теңге мөлшерінде өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сонымен қатар сот заң бұзушылықтар туралы Шымкент әкіміне жеткізу жөнінде жеке ұйғарым шығарды. Сот мәліметінше, мемлекет қажетіне жерді мәжбүрлеп алу рәсімін құзыретті мемлекеттік орган жүргізуі тиіс. Алайда талапкерден 5 жыл бұрын, яғни 2020 жылы алынған жер учаскесі бойынша мәжбүрлеп алу рәсімі бүгінге дейін жүргізілмеген.
Осылайша, сот талапкердің жер учаскесіне меншік құқығы бұзылғанын анықтап, талапты қанағаттандыру арқылы оны қалпына келтірді. Шешім мен жеке ұйғарым заңды күшіне енді.


