Еңбек министрлігі декреттегі әйелдерге «жұмыссыздық төлемін рәсімдеу» туралы тараған хабарламаларды жоққа шығарды

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бала 1,5 жасқа толғаннан кейін декреттегі әйелдер жұмыссыздық бойынша төлем рәсімдей алады деген мазмұндағы хабарламалар тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл таралымға қатысты түсініктеме берді.
Тараған хабарламаларда әйелдерге мансап орталығына тіркелу ұсынылып, содан кейін оларға жұмыссыздық бойынша жәрдемақы тағайындалады деген ақпарат айтылған. Министрлік мұндай «схема» жоқ екенін және мұндай хабарламалар азаматтарды жаңылыстыратынын мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, заңнамаға сәйкес бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйел жұмыс орнын сақтайды және жұмыссыз деп танылмайды. Жұмыссыз мәртебесі тек шынымен жұмыс іздеп жүрген және жұмысқа кірісуге дайын адамдарға ғана беріледі.
Министрлік сондай-ақ жұмыстан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдерді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар ғана ала алатынын еске салды. Ол үшін азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, белгіленген талаптарды орындауы қажет. Егер төлем алушы жұмыс тапса, бұл туралы мансап орталығына хабарлауға міндетті. Ал жалған ақпарат берілген жағдайда төленген қаражатты қайтаруға тура келеді.
Әлеуметтік төлемдерге қатысты алаяқтық
Еңбек министрлігі мұндай таралымдар алаяқтық ретінде бағалануы мүмкін екенін атап өтті.
2025 жылы осыған ұқсас 30 қылмыстық іс қозғалған, олардың жетеуі бойынша үкім шығарылған. Тергеу барысында әлеуметтік желілерде фейк ақпарат жариялау арқылы адамдарды әлеуметтік төлемдерді алу бойынша алаяқтық схемаларға тарту фактілері анықталған.
Осыған байланысты ведомство азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі бейтаныс адамдарға сенбеуге, жеке деректерді бөгде тұлғаларға бермеуге және тек ресми ақпарат көздерін пайдалануға шақырды. Әлеуметтік қолдау туралы ресми ақпарат enbek.gov.kz сайтында, министрліктің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында жарияланады және 1414 нөмірі арқылы байланыс орталығына сұрау салу арқылы беріледі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жұмыссыздық бойынша жәрдемақыны рәсімдеп, ай сайын 400 мың теңгеге дейін алуға болады деген жазбалар да белсенді тарағаны айтылды.
*Осы тақырыпқа қатысты: «118 миллиард таратылды: жұмыссыз қазақстандықтар төлемді қалай алады»*


