Шымкентте дәрігерлер баланың ішегінен магнит пен металл заттарды алып шықты

**Шымкентте** дәрігерлер баланың ішегінен магнит пен металл заттарды алып шықты.
Бала жедел жәрдем бригадасымен қалалық балалар клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне іштің қатты ауыруына шағымданып жеткізілген. Анасының айтуынша, балада іш қуысы ауыра бастаған.
«Уақыт өте жағдайы жақсармады, іштің ауыруы басылмады, сондықтан біз көмекке жүгіндік, баланы ауруханаға жеткізді», — деді анасы.
Қабылдау бөлімінде кезекші хирургтер баланы қарап, іш қуысының рентгенографиясын тағайындаған.
Дәрігерлердің мәліметінше, тексеру барысында ішектен бөгде заттар — **магнит, бұранда және алты қырлы гайка** анықталған.
Тексеруден кейін бала балалар хирургиясы бөліміне жатқызылып, шұғыл түрде бөгде заттарды алып шығу операциясы сәтті жасалған.
Қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық, ол дәрігерлердің бақылауымен қажетті ем қабылдауды жалғастырып жатыр.


