Павлодар облысының Баянауыл ауданында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Павлодар облысының Баянауыл ауданында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай (ТЖ) жарияланды.
Аудан әкімдігінің «Ашық НҚА» сайтында жарияланған шешім жобасында ТЖ қолайсыз ауа райы жағдайларынан туындаған салдарды жою мақсатында енгізілгені көрсетілген.
Құжатта: «Павлодар облысы Баянауыл ауданы аумағында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Негізгі мақсат — қатты желден туындаған салдарды жедел жою. Іс-шаралар 2026 жылғы наурыз–сәуір кезеңінде аяқталады деп күтіледі», — делінген.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдары төтенше жағдай салдарын жою бойынша әрекеттерді үйлестіруі тиіс. Сондай-ақ шешім жобасында қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті тұрғындарды тарту мүмкіндігі қарастырылған.
Павлодар облысындағы қолайсыз ауа райы
Осы аптада өңірде ауа райы күрт нашарлап, қатты екпінді жел, қар, боран байқалды, жолдардың кей бөлігінде көріну деңгейі төмендеді. Құтқарушылар жүргізушілерді қар құрсауынан шығару жұмыстарына қатысқан.
Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, 11 наурыз күні таңертең іздестіру жұмыстары барысында Баянауыл ауданы Майкөбе ауылынан 10 шақырым жерде, фермадан 2 шақырым қашықтықта құтқарушылар 1980 жылы туған ер адамның мәйітін тапқан. Ол 10 наурыз күні шамамен 14:00-де жылқымен мал іздеуге шыққан, колхоз шаруашылығында жұмыс істеген.
Бірнеше күн бұрын ТЖ департаменті жел екпіні секундына 30 метрге дейін жеткенін, соның салдарынан шатырдың ұшып кетуіне қатысты 33 факт тіркелгенін және бірқатар елді мекенде электр қуаты өшірілгенін хабарлаған.
Хабарламада: «Залалды анықтау және қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында аталған өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың төрағалығымен ТЖ жөніндегі комиссиялар жұмыс істеп жатыр», — делінген.
Сонымен қатар, медицина қызметкерлері қолайсыз ауа райына қарамастан шақыртуларға барып, адамдарға көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.
Синоптиктердің дерегінше, Павлодар облысында дауылды ескерту жарияланған. Сенбі, 14 наурызда өңірде қайтадан жауын-шашын (қар, жаңбыр), жаяу боран, көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман болады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел облыстың батысы, солтүстігі және шығысында секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Бұған дейін Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Степное және Тохрарово ауылдарында тозған су құбыры желілеріне байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай ресми түрде жарияланған болатын.


