Шешен Республикасында қолайсыз ауа райына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді

Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыров өңір аумағында төтенше жағдай (ТЖ) режимін енгізу туралы өкімге қол қойды. Бұған қолайсыз ауа райы жағдайлары себеп болғаны айтылды.
ТЖ аймағына «Грозный» қалалық округі, «Аргун» қалалық округі, сондай-ақ республиканың 9 муниципалдық ауданы кірді.
Жарияланымда ТЖ режимін енгізуге қатты жаңбыр, таудағы нөсер, жаңбыр және сулы қар түріндегі жауын-шашын, өзендердегі су деңгейінің қауіпті межеге дейін көтерілуі, сондай-ақ шағын көлемді сел жүруі себеп болғаны көрсетілген.
27–28 наурыз аралығында өңірде 18 елді мекенде 1817 үй мен үй маңындағы аумақты су басқаны, 28 жол мен бір бөгетті шайып кеткені, сондай-ақ 17 көпір, 5 газ құбыры және 6 трансформатор зақымданғаны хабарланды.
Осы уақытта Қазақстанда су тасқыны қаупіне байланысты қалааралық трассаларда жаңа ескерту белгілері орнатылып жатыр.


