Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия өткізу жоспарланып отыр

🔹 Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия өткізу жоспарланып отыр
17 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты амнистия жүргізуді бастамалады. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін, жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға қатысты болады. 
Ел тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия қарастырылып отыр. Оның аясында жеке тұлғалардың орындалмаған әкімшілік айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесі қаралады. 
Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп амнистияны іске асыру тетігі бойынша ұсыныстарды пысықтап жатыр. Тиісті заң жобасын әзірлеу кезінде амнистия қолданылатын адамдар санаттары, құқық бұзушылық құрамдары, айыппұлдарды есептен шығару мөлшері мен тәртібі айқындалады.
Сонымен бірге амнистия ең қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайды. Олардың қатарына террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, сондай-ақ азаптау жатады. Бұдан бөлек, амнистия рецидивистерге және соттан бой тасалап жүрген адамдарға да қатысты болмайды. 
Амнистия жүргізу туралы заңды ағымдағы парламенттік сессияның соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.


