Қазақстандағы жаңа Парламент — Құрылтай сайлауы тамызда өтеді

Қазақстандағы жаңа Парламент — Құрылтайға сайлау тамыз айында өтеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанада ғалымдарды марапаттау рәсімінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы ел үшін маңызды оқиғалар туралы алдын ала хабарлаудың маңызын атап өтіп, Конституция күшіне енгеннен кейін бірден бірпалаталы Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын айтты.
«Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін үлкен маңызы бар оқиғалар туралы алдын ала хабарлау аса маңызды деп санаймын. Сондықтан Конституция күшіне енгеннен кейін бірден мен бірпалаталы Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қоямын. Сайлау ағымдағы жылдың тамыз айында өтеді. Мұны арнайы алдын ала айтып отырмын, партиялардың жоспарлау көкжиегі айқын болып, сайлау науқанына тиісінше дайындалуға қажетті уақыт қоры болуы үшін. Осылайша, партияларда сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуге жеткілікті уақыт, яғни шамамен бес ай болады», — деді Президент.
Президенттің айтуынша, Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін ауқымды «қайта құру» үдерісінің бастамасы болмақ.
«Сонымен қатар, мен бұған дейін бірнеше рет атап өткендей, біз жүргізіп жатқан саяси және экономикалық өзгерістер қоғамдағы оң “менталдық” өзгерістермен тығыз байланысты болуы аса маңызды», — деп қосты ол.
Контекст 17 наурызда Астанада Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде болашақ заң шығару үдерісі алдағы парламенттік сайлаумен синхрондалатынын, сайлауды жаңа сессия ашылғанға дейін өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Сол күні Президент жаңа Конституцияны іске асыру туралы Жарлыққа қол қойды.
Еске салайық: өзгерістер елдің Негізгі заңының шамамен 84 пайызына әсер етті. Негізгі жаңалықтардың қатарында вице-президент лауазымын енгізу, бірпалаталы Парламент — Құрылтайға көшу, сондай-ақ жаңа консультативтік орган — Қазақстанның Халық кеңесін құру бар.


