Иран парламенті комиссиясының төрағасы Украинаға қатысты мәлімдеме жасады

Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссия төрағасы Ибрагим Азизи Украина Израильге ұшқышсыз аппараттар арқылы қолдау көрсетіп, «іс жүзінде соғысқа тартылды» және «өзінің бүкіл аумағын Иран үшін заңды нысанаға айналдырды» деп мәлімдеді.
Азизи бұл туралы сенбі күні, 14 наурызда, Х әлеуметтік желісінде жазды.
Оның айтуынша, «израильдік режимге дрондармен қолдау көрсету арқылы, сәтсіздікке ұшыраған Украина іс жүзінде соғысқа тартылды және БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес өз аумағының барлығын Иран үшін заңды нысанаға айналдырды».
Киев бұл мәлімдемеге жауап ретінде Тегеранның Ресейдің Украинаға қарсы соғысындағы көмегін атап өтті. Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының басшысы Андрей Коваленко «Иран 2022 жылы Ресейге “Шахедтерді” бергенін» түсіндірді.
Материалда Иранның РФ-тың жақын одақтасы ретінде Украинаға қарсы толық ауқымды басып кіру кезінде Мәскеуді мыңдаған ұшқышсыз аппаратпен қамтамасыз еткені, кейін Ресей оларды жетілдіріп, өз өндірісін жолға қойғаны айтылған.
Сарапшылардың бағалауынша, қазір Украинада БПЛА-ны қағып түсіру көрсеткіші шамамен 80 пайызды құрайды.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы және Тегеранның Парсы шығанағы елдеріне бағытталған шабуылдары жалғасып жатқан тұста, Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, 11 мемлекет Киевтен “Шахед” үлгісіндегі дрондарға қарсы іс-қимыл бойынша көмек сұраған.
Зеленский сондай-ақ өңірге украиналық дрон-ұстағыштар мен БПЛА жөніндегі сарапшылар тобы жіберіліп жатқанын мәлімдеді.


