Зеленский: Украина алғаш рет Ресей соққыларынан қорғануға жеткілікті қаруланды

Украина президенті Владимир Зеленский ресми Киевтің өз тарихында алғаш рет Ресей соққыларынан қорғануға жеткілікті деңгейде қаруланғанын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы бұл туралы Украина қорғаныс-өнеркәсіп кешені қызметкерлері күніне орай жасаған үндеуінде айтты.
«Мемлекетіміздің тарихында алғаш рет Ресей соққыларынан қорғануға жеткілікті қаруландық. Ресей бізді, украин мемлекеттілігін және ерікті жою үшін алғаш рет келіп отырған жоқ, бірақ қазір украиндар бұрынғыдан да мықты позицияда: 2014 жылы да, ХХ ғасырда да, одан да ертеректе де олай болмаған», — деді Зеленский.
Оның пікірінше, бұл — украин мемлекеті үшін сөзсіз тарихи нәтиже.
Зеленскийдің айтуынша, Украина толық ауқымды соғыста төтеп беріп, лайықты түрде қорғана алды, заманауи түрде қорғанып, соғысты қарсылас аумағына — Ресейге — көшіруге мүмкіндік алды.
Президент украин дрондары соғыс жүргізу тәсілдерін едәуір өзгерткенін атап өтті. Сондай-ақ Зеленский елдің жерүсті роботтандырылған кешендерін, радиоэлектрондық күрес жүйелерін дамытып жатқанын және баллистикаға қарсы тұра алатын өз әуе қорғанысын құру бағытында жұмыс істеп жатқанын айтты.
Бұдан бөлек, ол Украина зымыран, бронетехника, артиллерия және қорғаныс бағдарламалық қамтамасыз ету өндірісінде жоғары деңгейге жеткенін, ал украин қаруы мен әскери сараптамасы Еуропа, Таяу Шығыс, Азия және Африка елдерінде қызығушылық тудыратынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Зеленский 1994 жылғы желтоқсанда елдің ядролық арсеналынан АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай және Ресей тарапынан қауіпсіздік кепілдіктеріне айырбастап бас тартуын «үлкен қателік» деп атаған. Бұл кепілдіктер Будапешт меморандумында қарастырылған.


