Украина мен Ресей Пасхаға байланысты жарияланған бітімді бұзды деп бірін-бірі айыптады

Украина мен Ресей православ Пасхасына байланысты жарияланған бітімді бұзды деп бірін-бірі айыптады. Атысты тоқтату режимі 11 сәуір күні Астана уақытымен 18:00-де күшіне енді.
Украина Қарулы күштері Бас штабының мәліметінше, пасхалық бітім басталғалы бері атысты тоқтату режимін бұзудың 469 дерегі тіркелген.
Курск облысының губернаторы Александр Хинштейн Украина Қарулы күштерінің дроны Льговтағы жанармай құю бекетіне шабуыл жасағанын айтып, үш адам жараланғанын мәлімдеді. Оның дерегінше, 22 жағдайда қарсы тараптың шабуылдау әрекеттері, 153 жағдайда атқылау, 19 жағдайда камикадзе-дрондармен соққы, ал 275 жағдайда FPV-дрондармен соққы болған.
Украина Бас штабында 11 сәуір күні жалпы алғанда Ресей Қарулы күштері 57 әуе соққысын жасағанын, 182 басқарылатын авиациялық бомба тастағанын, нысаналарды жою үшін 3928 камикадзе-дронды қолданғанын және елді мекендер мен Украина Қарулы күштерінің позицияларына 2454 рет атқылау жүргізгенін хабарлады.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Украинамен бітім 11 сәуір күні Мәскеу мен Киев уақытымен 16:00-ден (Астана уақытымен 18:00) бастап 12 сәуірдің соңына дейін жарияланғанын айтқан.
Кремль пасхалық бітім жариялағаннан кейін Украина президенті Владимир Зеленский елінің «айна-қадамдарға» дайын екенін мәлімдеп, Киевтің бұған дейін де Пасха кезеңіне атысты тоқтатуды ұсынғанын еске салды.
Украина басшысы сондай-ақ бітімді Пасхадан кейін де ұзартуды ұсынды.


