Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің ағымдағы жағдайы мен даму перспективалары туралы есеп тыңдады.
Министр Президентке негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер жөнінде баяндады. Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жалпы және нәресте өлім-жітімі 15,3 пайызға тұрақты түрде төмендеген. Сондай-ақ Қазақстан ДДҰ-ның инфекциялық емес аурулардан болатын мерзімінен бұрын өлім-жітімді 25 пайызға қысқарту жөніндегі нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізген.
Президентке медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, алғашқы буынның жұмысын жетілдіру, скринингтік бағдарламаларды кеңейту және ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынылды.
Онкологиялық қызметті дамытуға қатысты да мәлімет берілді. Астана қаласының жаңа онкоорталығы базасында протондық терапия орталығы ашылған, Қызылорда мен Ақтауда 2 жаңа ПЭТ/КТ орталығы пайдалануға берілген, ал барлық өңірлерде сараптамалық эндоскопиялық орталықтар ашылған. Сонымен қатар Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың және бірқатар өңірлік нысандардың құрылысы аяқталған.
Кездесуде ОСМС жүйесіндегі қаржылық бақылауды күшейту шараларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қаражаттың мақсатты пайдаланылуын мониторингтеуді автоматтандыру және медициналық қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату мәселелері қаралды.
Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында денсаулық сақтаудың Бірыңғай цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Бөлшектенген ақпараттық жүйелерді E-Densaulyq экожүйесіне біріктіру жұмыстары атқарылуда.
Ақмарал Әлназарова соңғы екі жылда фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестициялар көлемі 2,3 есеге, ал саланың өнім экспорты 1,9 есеге артқанын баяндады. 316,3 миллиард теңге сомасына 400-ден астам дәрілік зат атауын өндіруге қатысты 6 инвестициялық келісім жасалған.
Президентке саланың кадрлық әлеуетін дамыту және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар туралы да ақпарат берілді.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық қызметтердің сапасын арттыру, саладағы қаржылық тәртіпті күшейту, кадр даярлау жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтауды цифрлық трансформациялауды жеделдету және отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы тамызда Президент денсаулық сақтау министрімен кездесіп, медицина қызметкерлерін қорғау шаралары, оның ішінде заңнаманы қатаңдату және шабуыл жасалған жағдайда жедел көмек көрсету мәселелері туралы баяндама тыңдаған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы министрге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы буынның ауылдық нысандарының құрылысын аяқтауды, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруды, аса маңызды дәрілік препараттардың отандық өндірісін дамыту бойынша шаралар қабылдауды, сондай-ақ азаматтардың денсаулығын нығайту және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырған.


