Ақтауда 6А шағынаудандағы жер телімі заңсыз қоқыс орнына айналғаны туралы шағым түсті

Ақтау тұрғындары 6А шағынауданда стихиялық қоқыс орны пайда болғанына шағымданды. Қала тұрғындарының айтуынша, белгісіз адамдар бұл жерге тұрақты түрде ірі көлемді қоқыс әкеліп төгеді, ал аумақ «закладка» жасауға және белгісіз сұйықтықтарды төгуге пайдаланылып жүр.
Жергілікті тұрғындар аталған жер телімі іс жүзінде рұқсатсыз қоқыс полигонына айналғанын жеткізді. Олардың сөзінше, адамдар автокөлікпен келіп, құрылыс қалдықтары мен ірі көлемді қоқысты тастап кетеді.
"Адамдар көлікпен келіп, ірі көлемді қоқысты төгеді. Нашақорлар «закладка» жасауға тамаша орын тапты. Бұдан бөлек, ол жерге түсініксіз сұйықтық төгеді. Бұл қашан тоқтайды және бұған кім жауапты?" — деп сұрақ қояды тұрғындар.
Әкімдікте не дейді Ақтау әкімдігі бұл 3,1869 гектар аумақты қамтитын жер телімі екенін мәлімдеді. Қала билігінің дерегінше, аумақ жеке меншікте және "Терминал Порт Сервис" ЖШС-не тиесілі.
Жер телімі тұрғын үй кешенінің нысандарын жобалау, салу және пайдалануға арналған. Сондай-ақ онда бизнес-орталық, спорттық-сауықтыру және емдеу кешендері, қонақүй, қоғамдық тамақтану нысандары, сауда қатарлары, дүкендер, автоорталық, автосалон, автожуу және техникалық қызмет көрсету станциясы орналаса алады.
Тексеру және кейінгі шаралар Қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары аумаққа визуалды тексеріс жүргізді. Мониторинг барысында жер телімінің бүлінгені және оның аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар мен әртүрлі қоқыс үйінділері пайда болғаны анықталған.
Әрі қарай әрекет ету үшін ақпарат өңірлік жер ресурстарын басқару департаментіне, сондай-ақ экология департаментіне жолданды.
Бұған дейін Талдықорғанда Қаратал өзенінің жағасын тонна-тонна қоқыс басып қалғаны хабарланған болатын. Облыс орталығындағы стихиялық қоқыс орындарын жергілікті блогер видеоға түсіріп, әлеуметтік желідегі парақшасында қала тұрғындары мен жергілікті әкімдікке үндеу жариялаған.


