Ақордада Digital Qazaqstan жобасын іске асыру мәселелері талқыланды

**Ақордада** Президент **Қасым-Жомарт Тоқаевтың** төрағалығымен **Digital Qazaqstan** жобасын іске асыруға арналған кеңес өтті.
Іс-шара барысында Президент ұлттық есептеу инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, **екі суперкомпьютерді іске қосу** елдің технологиялық егемендігін нығайту үшін стратегиялық маңызға ие.
Мемлекет басшысы деректерді басқаруда жауапкершілікті бөлу мәселесінің маңызын да ерекше атап өтті. Барлық ведомстволардың бірінші басшылары деректер сапасы үшін жеке жауапкершілік арқалауы тиіс. Мемлекеттік деңгейде деректерді басқарудың толыққанды жүйесін қалыптастыру деректерді экономикалық актив ретінде тануға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Сөз барысында **криптоиндустрияны дамыту** тақырыбы да көтерілді. Бұл салада толыққанды реттеуші ортаны қалыптастыратын заңнамалық өзгерістер **биылғы жылдың мамыр айында** күшіне енетіні айтылды.
Президент қаржылық реттеушілерге Үкіметпен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қаржылық тұрақтылыққа нұқсан келтірмей, алаяқтыққа және капиталды заңсыз шығаруға тиімді қарсы әрекет етуді көздейтін **цифрлық активтер саласын дамыту жоспарын** әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құпиялылықты сақтау және жеке ақпаратқа кез келген рұқсатсыз қолжетімділікті болдырмау қажеттігін мәлімдеді. Әрбір жеке деректердің таралуы мемлекетке деген сенімді елеулі түрде әлсіретеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, егер азаматтар жаңа Негізгі заң жобасын қолдаса, жеке деректерді қорғау **конституциялық міндетке** айналады.
Кеңес барысында Президент Үкімет алдында өнеркәсіпке озық технологияларды енгізу үшін нақты ынталандыру тетіктерін қалыптастыру міндеті тұрғанын да атап өтті.


