Ақордада төрт елдің елшілері Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Ақордада Қазақстан Президентіне төрт мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.
Сенім грамоталарын тапсырғандар:
- Кувейт Мемлекетінің елшісі Адель Ахмед Сулейман Аль-Гунайман;
- Моңғолияның елшісі Гунаажавын Батжаргал;
- Монако Князьдігінің елшісі Мирей Мартини;
- Эль-Сальвадор Республикасының елшісі Юрий Павел Сантакрус Пердемо.
Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы ресми миссиясының басталуымен құттықтап, олардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үлес қосатынына сенім білдірді.
Президент Қазақстанда ауқымды өзгерістер жүргізіліп жатқанын айтты.
"15 наурызда жаңа, өз сипаты бойынша прогрессивті Конституцияны қабылдау жөнінде референдум өтті. Біз \"Заң және Тәртіп\" қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан құрып жатырмыз. Білім, инновациялар және жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған мемлекет болуға ұмтыламыз. Биыл елімізде Жасанды интеллект жылы деп жарияланды және біз осы аса маңызды салада табысқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның барлық мемлекеттермен конструктивті әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бейбітсүйгіш және теңгерімді сыртқы саясат жүргізетінін атап өтті.
"Қазақстанда сіздердің елдеріңіздің мүдделерін ілгерілету үшін ең кең мүмкіндіктер бар екеніне сенімдімін. Келесі апта өте мазмұнды болмақ, өйткені біз Моңғолия Президентінің сапарын күтеміз. Одан кейін Астанада БҰҰ қамқорлығымен Өңірлік экологиялық саммит және Аралды құтқару халықаралық қоры Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Сіздер еліміздегі оқиғаларды мұқият бақылап, өзара ынтымақтастық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосасыздар деп сенемін. Біз ашық нарықтық экономиканы дамытуға ұмтыламыз және шетелдік инвестициялардың келуін құптаймыз. Қазақстан негізгі халықаралық қаржы институттары мен ұйымдарымен тығыз байланыс орнатқан", – деді Мемлекет басшысы.
Рәсім соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге табыс тілеп, олардың мемлекеттерінің көшбасшыларына жылы лебізін жеткізді.
0
Войдите, чтобы оставить комментарий
Загрузка комментариев...


