АҚШ әскері Ормуз бұғазы маңында ирандық кемелерге соққы жасады

АҚШ әскері Иранның Ормуз бұғазын миналау ниеті туралы хабарлар аясында ирандық кемелерге соққы жасады. Соққыға ұшырағандар қатарында 16 миналы катер де бар. Бұл туралы сейсенбі, 10 наурыз күні АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында хабарлады.
Иранның Ормуз бұғазы маңындағы миналы кемелерінің жойылғанын АҚШ президенті Дональд Трамп та өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде растады. Өз кезегінде CENTCOM катерлерге соққы жасалған сәт түсірілген видеоны жариялады.
Ормуз бұғазы — Таяу Шығыс елдерінен мұнай тасымалдаудағы ең маңызды бағыттардың бірі. Алайда Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы басталғалы бері бұл бұғазды азаматтық кемелер іс жүзінде пайдаланбай келеді. 28 ақпаннан бері бұғаз арқылы ирандық шабуылдардан аман өткен бір ғана танкер туралы хабарланған.
10 наурыз күні таңертең Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ пен Израиль елге шабуылдарын жалғастырып жатқанда, Иран өңірден бір литр де мұнай экспорттауға жол бермейтінін мәлімдеді. КСИР бұл талаптан АҚШ пен Израиль дипломаттарын өз аумағынан шығаратын мемлекеттерге қатысты ерекшелік жасауға болатынын айтты.
Осыдан кейін CBS News АҚШ-тың барлау дереккөздеріне сілтеме жасап, Иранның Ормуз бұғазын миналауға дайындықты бастағанын хабарлады. Бұған байланысты Трамп Тегеранға егер акваторияны миналай бастаса, «бұрын-соңды болмаған салдар» болатынын айтып қоқан-лоқы жасады.
Израиль мен АҚШ 28 ақпан күні таңертең Иран аумағындағы нысандарға жаппай соққы жасап, Иранға шабуыл бастаған. Қақтығыстың алғашқы күнінде Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер мен күштік құрылым өкілдері қаза тапқаны айтылды. Қаза тапқан Әлидің орнына оның 56 жастағы ұлы Моджтаба Хаменеи келген.
Иран жауап ретінде Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы жасай бастады. Ұрыс қимылдары өңірдегі елдердің басым бөлігіне әсер етіп, азаматтық нысандарға БПЛА мен зымырандардың түсуі бірнеше рет тіркелген.


