Иран қарулы күштері Ормуз бұғазын қайтадан «қатаң бақылауға» алғанын мәлімдеді

Иранның қарулы күштері Ормуз бұғазы қайтадан олардың «қатаң бақылауына» өткенін мәлімдеп, бір күн бұрын қабылданған бұғазды кеме қатынасына ашу туралы шешімді тоқтатты.
Сенбі күні, 18 сәуірде, Ислам Республикасының телеарнасы таратқан мәлімдемеде елдің қарулы күштерінің біріккен қолбасшылығы АҚШ Иран порттарынан блокаданы алып тастамайынша, бұғаз арқылы өтетін кемелердің қозғалысына кедергі келтіретінін ескертті.
«Ормуз бұғазындағы жағдай АҚШ Иранға кіретін барлық кемелердің еркін қозғалысын қалпына келтірмейінше, қатаң бақылауда болады», — делінген хабарламада.
Мәлімдемеге сәйкес, Иран билігі бұғаз арқылы кейбір кемелердің өтуіне рұқсат беру туралы шешімді «ізгі ниетпен» қабылдаған. Алайда олардың айтуынша, америкалық әскери күштер «пираттықпен және теңіз тонауымен» айналысуды жалғастырып отыр.
17 сәуірде Тегеран Израиль мен Ливандағы радикалды исламшыл «Хезболла» тобы арасындағы атысты тоқтату режимі кезеңінде Ормуз бұғазын ашатынын жариялаған.
«Ливандағы атысты тоқтату режиміне байланысты Ормуз бұғазы арқылы барлық коммерциялық кемелердің өтуі атысты тоқтату кезеңінің қалған уақытына толық ашық деп жарияланады», — деп жазды Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Х әлеуметтік желісінде.
Бұл шешімді АҚШ президенті Дональд Трамп құптаған.
«Иран жаңа ғана Ормуз бұғазы толық ашық және кемелердің толыққанды өтуіне дайын екенін жариялады. Рақмет!» — деп жазды ол Truth Social желісінде.
Соған қарамастан, Вашингтонда АҚШ-тың бұғаздағы иран порттарына қатысты блокадасы Вашингтон мен Тегеран арасында келісім жасалғанға дейін жалғасатыны айтылды.
18 сәуір таңертең Reuters MarineTraffic кеме бақылау сервисіне сілтеме жасап, сұйытылған көмірсутек газын, мұнай өнімдерін және химикаттарды тасымалдауға арналған танкерлер керуені Ормуз бұғазынан өткенін жазды.


