Қазақстандық шаңғышы Ербол Хамитов Италиядағы Паралимпиадада қола медаль жеңіп алды

Қазақстандық шаңғышы Ербол Хамитов Италияда өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алды. Бұл жүлде оған мемлекеттен 75 мың доллар көлемінде сыйақы алуға мүмкіндік береді.
28 жастағы Ербол Хамитов шаңғы спринтінде үшінші орынға тұрақтады. Бұл медаль Паралимпиада-2026 аясында Қазақстан құрамасының алғашқы жүлдесі, сондай-ақ қысқы Паралимпиада тарихындағы ел қоржынына түскен төртінші медаль болды.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, Паралимпиада ойындарының медальдары Олимпиада медальдарымен бірдей бағаланады: алтынға — 250 мың доллар, күміске — 150 мың доллар, қолаға — 75 мың доллар. Сонымен қатар, 4–6 орындар үшін де сыйақы қарастырылған — 30 мыңнан 5 мың долларға дейін.
Хамитовтың Италиядағы ойындарда бұған дейін парабиатлоннан жеке жарыста алтыншы орын алғаны да айтылды. Осылайша, спортшының жалпы табысы 80 мың долларды құрады.
Минспорт бұйрығына сәйкес, төлемдер қаржы жылының соңына дейін және теңгемен жүргізілуі тиіс. Сома жүлде алынған сәттегі бағам бойынша есептеледі.
Хамитов Паралимпиададағы өнерін жалғастырады Қола медальдан кейін Ербол Хамитовтің қоржынын толықтыруға мүмкіндік беретін тағы үш жарысы бар. Бүгін, 11 наурызда, ол Юрий Березин және Сергей Усольцевпен бірге 10 шақырымдық шаңғы жарысына қатысады.
Алда сондай-ақ 20 шақырымдық шаңғы жарысы және биатлоннан қуу жарысы жоспарланған.
Ербол Хамитов туралы Ербол Хамитов бала кезінен спортпен айналысқан және 19 жасында аяғынан айырылғаннан кейін де спортты тоқтатпаған. Жас жігіттің тізесіне оқ тиіп, ампутация жасауға тура келген.
2017 жылы ол грэпплингтен Қазақстан кубогының жүлдегері атанды. Дегенмен ең ірі жетістіктеріне қысқы спорт түрлерінде қол жеткізді: 2023 жылы пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанса, 2025 жылы пара биатлоннан әлем чемпионатында алтын жеңіп алған алғашқы қазақстандық болды.
Италиядағы Паралимпиада ойындары 15 наурызға дейін жалғасады. Ербол Хамитовтен бөлек, жарыстарға биатлоннан тағы үш адам және шаңғы жарыстарынан алты спортшы қатысып жатыр.


