Қасым-Жомарт Тоқаев парабиатлоншы Ербол Хамитовты Паралимпиададағы алтын медалімен құттықтады

Мемлекет басшысы **Қасым-Жомарт Тоқаев** Италиядағы Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған биатлоншы **Ербол Хамитовты** құттықтады. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі — баспасөз хатшысы **Айбек Смадияров** мәлімдеді.
Құттықтау хатында спортшының табандылығы мен рух күшінің арқасында күрделі жолдан өтіп, терең құрметке лайық жоғары нәтижеге қол жеткізгені атап өтілген.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы Паралимпиадада шаңғы жарысынан қола жүлдегер атанған.
Президент Ербол Хамитовқа жаңа жарқын жеңістер, мықты денсаулық және сарқылмас қуат тіледі.
Еске салайық, бүгін қазақстандық парабиатлоншы **Ербол Хамитов** Италиядағы Паралимпиада ойындарында **қуу жарысында** жеңіске жетті. Парабиатлондағы бұл медаль Хамитов үшін осы ойындардағы **екінші жүлде** болды. **10 наурызда** ол шаңғы спринтінде қола медаль жеңіп алып, бұл жүлде Қазақстан үшін Италиядағы алғашқы медаль болған еді.

