Қазақстан СІМ Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан азаматтарды елге қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құзырлы органдармен бірлесіп Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Эвакуация басталғалы бері елге 4700-ден астам қазақстандық оралған.
Ведомство мәліметінше, азаматтарды елге қайтару әуе рейстерімен қатар, құрлық жолымен де жүзеге асырылып жатыр.
6 наурызда Қазақстанның шетелдегі мекемелері «Заркух» компаниясының қызметкерлері болып табылатын жеті Қазақстан азаматының Иран–Армения шекарасына шығуын ұйымдастырған. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, «Заркух» компаниясы осы бағытпен қалған 16 Қазақстан азаматын да алып шығуды жоспарлап отыр. Барлығы Ираннан 66 азамат қайтарылған.
СІМ сондай-ақ өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде іс-қимылды үйлестіруді жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыста екенін атап өтті.
Бұған дейін Иранда жүрген қазақстандықтарды төрт ел арқылы алып шығу жоспарланып отырғаны хабарланған еді.

