Елордада бірнеше күн жоғалған 16 жастағы қыз бен 18 жастағы жігіттің жүрген жері анықталды

Елорда полицейлері 16 жастағы қыз бен 18 жастағы жігіттің орналасқан жерін анықтады. Олар бірнеше күн бойы жоғалғандар ретінде тіркелген.
Алдын ала мәлімет бойынша, жастар өзара келісіп, үйден шығып кеткен және жеке үйлердің бірінде бірге болған.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта екеуі де аман-есен. Қыз заңды өкілдеріне тапсырылды. Сонымен қатар, оның ата-анасына кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылған.
Полиция департаменті ата-аналарға балаларымен сенімді қарым-қатынас орнатудың, олардың араласатын ортасы мен бос уақытын бақылап отырудың маңызын еске салды.
Департамент өкілдері ықтимал жанжалдарға уақытылы назар аударып, жасөспірімдерге ойланбай жасалған әрекеттердің салдарын түсіндіру қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.
Еске салайық, жасөспірімдер 3 наурызда жоғалған. Екеуі де оқуға кеткен, алайда үйіне оралмаған. Бейнебақылау камераларының жазбаларын қарау барысында жастардың қаладағы сауда үйлерінің бірінде жүргені анықталған.


