Қазақстан құрамасы Паралимпиада-2026 аясында парашаңғы эстафетасында бесінші орын алды

Бүгін, 14 наурызда, Италияда өтіп жатқан Паралимпиада-2026 ойындарында Қазақстан құрамасы бір спорттық дисциплинада бақ сынады.
Парашаңғы жарысында стартқа Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Владислав Кобаль және Нурлан Акимов шықты.
Қазақстандық спортшылар 4х2,5 километр қашықтықтағы ашық эстафетада өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бесінші орын алды. Команда бірінші орыннан 1 минут 24,1 секундқа қалып қойды.
Алтын медальді Қытай спортшылары жеңіп алды. Күміс пен қола жүлделер тиісінше Германия және Норвегия құрамаларына бұйырды.
Еске салайық, Паралимпиада-2026 ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынында 2 медаль бар, екеуін де Ербол Хамитов жеңіп алған.
Алдымен ол ерлер арасындағы шаңғы спринтінде үшінші орын алып, қола медаль иеленді. Кейін биатлондағы қуу жарысында алтын медаль жеңіп алды.
Алтын медальді жеңіп алғаннан кейін Ербол Хамитов жеңісіне қатысты өз эмоцияларымен бөлісті.


