Қазақстан құрамасы 14 наурызда Италиядағы Паралимпиада-2026 жарыстарын жалғастырады

14 наурызда Қазақстан құрамасы Италияда өтіп жатқан Паралимпиада-2026 ойындарындағы өнер көрсетуін жалғастырады.
Бұл күні қазақстандық паралимпиадашылар бір спорттық дисциплинада бақ сынайды.
15:15-те паралыж жарысында стартқа шығатын спортшылар:
- Ербол Хамитов
- Александр Герлиц
- Владислав Кобаль
- Нурлан Акимов
Қазақстандықтар 4х2,5 шақырым қашықтықтағы ашық эстафетада өнер көрсетеді.
Жарыстардың барлығы Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі, сондай-ақ арнаның сайтында да қолжетімді болады.
Еске салайық, 13 наурызда 28 жастағы қазақстандық Ербол Хамитов қуу жарысында жеңіске жетіп, Италиядағы ойындарда Қазақстан құрамасына Паралимпиададағы екінші медалін, ал ел тарихындағы қысқы Паралимпиада ойындарындағы бесінші медалін алып келді.
Биатлондағы қуу жарысындағы жеңістен бөлек, Хамитовтың еншісінде Паралимпиаданың шаңғы спринтіндегі қола жүлдесі де бар. Осы нәтижелердің арқасында ол Қазақстанның қысқы спорт түрлері тарихындағы ең атақты паралимпиадашы атанды.


