Қарағандыда 8 Наурызға арналған кеш караоке-бардағы жанжалмен аяқталды

Қарағандыда 8 Наурыз мерекесіне арналған кеш екі жас ерлі-зайыпты жұп үшін жанжалмен және полициядағы тексеріспен аяқталды.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, 9 наурыз күні шамамен 01:00-де Юго-Восточный полиция бөлімінің кезекші бөліміне Дюсембеков көшесіндегі караоке-барлардың бірінде жанжал болғаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жедел барған. Полиция бөліміне оқиғаға қатысқан төрт адам жеткізілді — жасы 19-дан 22-ге дейінгі жастар.
Куәгерлердің айтуынша, караоке-барда екі ерлі-зайыпты жұп демалып отырған. Алайда мерекелік көңіл-күй ұзаққа созылмай, жанжалға шамамен 40 мың теңге көлеміндегі есепшот себеп болған.
Есепшоттың төленбеуіне байланысты келушілер мен мекеменің күзет қызметкерлері арасында дау туындаған. Ауызша сөзталас тез арада төбелеске ұласып, содан кейін кафе қызметкерлері полиция шақырған.
Полиция бөлімшесіне мән-жайды анықтау үшін мекеменің екі күзетшісі, бармені және әкімшісі де жеткізілген. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жас келушілерде алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Тексеру барысында есепшот толық төленген.
Полицияның хабарлауынша, жанжалға қатысқан барлық тараптан түсініктеме алынған және олардың бір-біріне өзара шағымы жоқ.
Соған қарамастан, оқиға салдарсыз қалған жоқ: болған жағдай бойынша “Ұсақ бұзақылық” бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мерекелік кештің есепшотынан бөлек, жас жұптар айыппұл да төлеген.


