Дзюдодан Қазақстан өкілі Әділет Алмат Австриядағы Гран-при турнирінде жеңіске жетті

Қазақстанның дзюдо құрамасының өкілі Әділет Алмат Австрияда өткен Гран-при сериясы турнирінің жеңімпазы атанды.
Финалда 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшы Әзербайжан өкілі Вусал Галандарзадемен кездесті. Ол — жастар арасындағы 2023 жылғы әлем чемпионы және Баку-2025 Гранд Слэмінің қола жүлдегері.
Шешуші белдесуде Әділет Алмат иппонмен мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді. Бұл — оның Гран-при турнирлеріндегі алғашқы жүлдесі.
Финалға дейінгі жолда 21 жастағы қазақстандық дзюдошы Молдова, Бразилия, Эстония және Әзербайжан спортшыларын жеңді. Ал жартылай финалда Сербия өкілінен басым түсті.
Әділет Алмат үшін бұл Австриядағы жарыс — ересектер арасындағы Гран-при сериясындағы екінші турнирі, әрі ол алғаш рет жүлде тұғырына көтерілді.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде бір алтын және бір қола медаль бар, команда жалпы есепте 4-орында келеді. Бұған дейін Шерзод Давлатов 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлде жеңіп алған еді.


