Елена Рыбакина Индиан-Уэллстегі турнирдің 1/16 финалында Марта Костюкты жеңді

Қазақстандық теннисші, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллсте (АҚШ) өтіп жатқан турнирдің 1/16 финалында украиналық Марта Костюкты жеңді.
Матч екі сетке созылып, Рыбакина қарсыласын 6:4, 6:4 есебімен ұтты. Екінші партия барысында Костюк 4:2 есебімен алда болғанымен, Рыбакина сет барысын өзгертіп, кездесуді өз пайдасына аяқтады.
1/8 финалда Елена Рыбакина Ұлыбританиядан Сонай Карталға қарсы ойнайды.
Турнир туралы мәліметке сәйкес, Индиан-Уэллстегі WTA турнирінде жеңіске берілетін жүлдеақы 1 миллион 151 мың 380 долларды, немесе 570 миллион теңгені құрайды.
Бұған дейін қазақстандық теннисші Анна Данилина Индиан-Уэллстегі (АҚШ) «Мастерс» турнирінің жұптық разрядында ширек финалға шыққан еді.
Ал Рыбакинаға қатысты айта кетсек, турнирдің ресми басталуына дейін қазақстандық спортшы Тейлор Фрицпен жұптасып, көрсетілімдік жарыста жеңіске жеткен.
Сондай-ақ марапаттау кезінде қазақстандық теннисші Елена Рыбакинамен байланысты жағымсыз оқиға болғаны атап өтілді.


